Әкімшілік істердің соттылығы
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
- Әкімшілік істердің соттылық ерекшеліктері ҚР ӘРПК-нің 103-109-баптарында айқындалған ҚР ӘРПК-нің 103-109-баптары
Дауды сотқа дейін реттеу
Әкімшілік талап қоюға дейін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі сақталуға тиіс.
Әкімшілік талап
Әкімшілік талап (талап) — жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе дауланатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің жария-құқықтық сипаты әкімшілік сот ісін жүргізудегі жауапкердің сотта өзіне талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам болуын айқындайды.
Талаптардың түрлері
- дау айту туралы талап ҚР ӘРПК-нің 132-бабы
- мәжбүрлеу туралы талап ҚР ӘРПК-нің 133-бабы
- әрекет жасау туралы талап ҚР ӘРПК-нің 134-бабы
- тану туралы талап ҚР ӘРПК-нің 135-бабы
Талапты беру нысаны
Талап сотқа жазбаша нысанда не талап қоюшының және (немесе) оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
Талаптың мазмұны
Талапта келесілер көрсетілуге тиіс:
- талап берілетін соттың атауы;
- егер талап қоюшы жеке тұлға болса, оның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, туған күні мен жері, егер талапты өкіл берсе, өкілдің атауы және оның мекенжайы; талап қоюшының және оның өкілінің телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары; егер талап қоюшы заңды тұлға немесе өзге ұйым болса, талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері;
- жауапкердің атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) және бизнес-сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Талапта жауапкердің телефон нөмірлері мен электрондық мекенжайы, егер олар талап қоюшыға белгілі болса, көрсетілуге тиіс;
- талап қою талаптарының мазмұны (талаптың нысанасы) және талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды баяндау (талаптың негіздері), талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні. Бірнеше жауапкерге талап қойылған жағдайда — әрбір жауапкерге қатысты талап қою талаптарының мазмұны;
- егер бұл заңда белгіленсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталғаны туралы мәліметтер;
- құжаттардың және қоса берілетін өзге де материалдардың тізбесі (бар болса).
- Сонымен қатар талапта келесілерде көрсетілуі тиіс:
- жауапкердің талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны, оларды жүзеге асыруға кедергілер келтіргені не оған қандай да бір міндетті заңсыз жүктегені туралы талап қоюшының негізделген пікірі;
- қажет болған жағдайда — мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу, оны төлеуден босату туралы; сот сараптамасын тағайындау туралы; дәлелдемелерді талап етіп алдыру туралы; куәларды шақыру туралы; талапты қамтамасыз ету туралы жазбаша өтінішхат және өзге де өтінішхаттар.
Талапқа қоса берілетін құжаттар
Талапқа қоса берілетін құжаттар, әдетте, түпнұсқада ұсынылады.
Құжаттарды түпнұсқада ұсыну мүмкін болмаған жағдайда олар заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелер түрінде ұсынылуы мүмкін.
Егер түпнұсқаның болмауына байланысты құжаттың көшірмесін куәландыру мүмкін болмаса, талапта мұндай әрекеттерді жасаудың мүмкін еместігінің себебі баяндалуға тиіс.
Талапқа мыналар қоса беріледі:
- әкімшілік процеске қатысушылар саны бойынша талаптың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат не Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру туралы өтінішхат;
- сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжат;
- талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
- егер бұл тәртіп заңда белгіленсе, дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар;
- егер талапты заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері және өзге де құжаттар;
- егер талап ҚР АПК-нің 102-бабы үшінші бөлігінің тәртібімен берілсе, инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмесі, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар.
Талап қою мерзімдері
Талап қою мерзімдері заңнамаға сәйкес талаптың түріне қарай сараланған:
- Дау айту және мәжбүрлеу туралы талаптар шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымды қарайтын органның шешімі табыс етілген күннен бастап 1 ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмесе немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе ҚР ӘРПК-де және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ол туралы хабардар етілген кезден бастап 1 ай ішінде беріледі. ҚР ӘРПК-нің 136-бабы
- Әрекет жасау туралы талап тұлғаға әрекеттің жасалғаны белгілі болған күннен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында әрекет жасау үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап 1 ай ішінде сотқа беріледі. ҚР ӘРПК-нің 136-бабы
- Тану туралы талап тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап 5 жыл ішінде сотқа беріледі. Заңдық күші жойылған ауыртпалық салатын әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап осы актімен тұлғаның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны оған белгілі болған күннен бастап 3 ай ішінде мәлімделуі мүмкін. ҚР ӘРПК-нің 136-бабы
- Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап беру әрекеті жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысы әрекет жасаған уақыт пен орын туралы хабарланбаған өндіріп алушыға не борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде сотқа беріледі. ҚР ӘРПК-нің 136-бабы
- Сотқа талап берудің өзге мерзімдері ҚР ӘРПК-нің 136-бабында айқындалған ҚР ӘРПК-нің 136-бабы
Талапты қайтару
Сот (судья) талапты мынадай негіздер бойынша қайтару туралы ұйғарым шығарады:
- талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаған және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаған;
- талап ҚР ӘРПК-де көзделген талаптарға сәйкес келмейді және кемшіліктерді алдын ала тыңдауға дейін жою мүмкін еместігі анықталған;
- арызды әрекетке қабілетсіз тұлға берген;
- арызға қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ тұлға қол қойған;
- осы немесе басқа соттың іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болған;
- талап қоюшы берілген талапты кері қайтарып алған;
- соттың талаптарына қарамастан, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрамаған талап қоюшы сотқа екінші шақыру бойынша келмеген;
- мүддесіне іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаған;
- тараптар татуласу, медиация туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан және оны сот бекіткен;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік баж төленбеген немесе толық төленбеген;
- іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын;
- сол тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде заңды күшіне енген сот шешімі немесе татуласу, медиация туралы не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту жөніндегі сот ұйғарымы бар болған;
- іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермейді;
- іс бойынша тарап болып табылатын ұйым оның қызметі тоқтатылып және құқық мирасқорлары болмай таратылған;
- ҚР ӘРПК-нің 136-бабы сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа талап беру мерзімі дәлелді себепсіз өткізіп алынған не сот өткізіп алынған талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартқан;
- егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптар заңға сәйкес осы дауды төреліктің шешуіне беру туралы келісім жасасқан;
- іс осы соттың соттылығына жатпаса талап қайтарылады.
Мемлекеттік баж
Мемлекеттік баж төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен айқындалған.
- жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан — 0,3 АЕК;
- заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан — 5 АЕК;
- тексеру актілері бойынша хабарламаларға және (немесе) көлденең мониторинг нәтижелері бойынша хабарламаларға дау айту туралы арыздардан:
- жеке кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшін — хабарламада көрсетілген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін төлемдердің (өсімпұлды қоса алғанда) дауланатын сомасының 0,1 пайызы, бірақ 500 АЕК-тен аспайды;
- заңды тұлғалар үшін — хабарламада көрсетілген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін төлемдердің (өсімпұлды қоса алғанда) дауланатын сомасының 3 пайызы, бірақ 20 мың АЕК-тен аспайды.
Сот шығыстары
Сот шығыстарын бөлу мәселелері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қаралады.
Жалпы қағида бойынша пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот екінші тараптан іс бойынша шеккен барлық сот шығыстарын өндіріп береді.
Егер талап ішінара қанағаттандырылса, шығыстар талап қоюшыға сот қанағаттандырған талап қою талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде, ал жауапкерге талап қоюшыға талаптарын қанағаттандырудан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде беріледі.
- Шығыстарды тараптар арасында бөлудің өзге шарттары ҚР АПК-нің 109-бабында көзделген ҚР АПК-нің 109-бабы
- ҚР ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 5), 6), 12), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қайтарылған кезде сот шығыстары өтелмейді ҚР ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 5), 6), 12), 13), 14) және 15) тармақшалары
Татуластыру рәсімдері
Тараптар өзара татуласу келісімі негізінде әкімшілік процестің барлық сатыларында (кезеңдерінде) сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін татуласу, медиация туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толық немесе ішінара аяқтай алады.
Тараптарды татуластыруға жауапкерде әкімшілік қалауы болған кезде жол беріледі.
Процестік мерзімдер
Процестік әрекеттер ҚР ӘРПК-де белгіленген процестік мерзімдерде жасалады.
Процестік әрекет жасау құқығы ҚР ӘРПК-де белгіленген немесе сот тағайындаған процестік мерзім аяқталған кезде тоқтатылады.
Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
ҚР ӘРПК-де белгіленген мерзімдер сот дәлелді деп таныған себептер бойынша өткізіп алынған жағдайда сот оларды қалпына келтіре алады.
- Процестік мерзімдерді ұзарту және қалпына келтіру ҚР ӘРПК-нің 126-бабында айқындалған ҚР ӘРПК-нің 126-бабы
Сот талқылауына қатысу
Сот талап қоюшыға сот талқылауына тікелей қатысу мүмкіндігін беруге міндетті.
Оның дәлелсіз себептермен келмеуі әкімшілік істі оның қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
- Сот талқылауы ҚР ӘРПК-нің 112-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жауапкердің міндетті қатысуымен өтеді ҚР ӘРПК-нің 112-бабы
Дәлелдеу міндеті
Талап қоюшы өз мүмкіндіктеріне қарай дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті.
Берілген талаптың түріне қарамастан, талап қоюшы өзінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны оған қашан белгілі болғанын, сондай-ақ келтірілген залал мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
Дәлелдеу ауыртпалығын келесі ретпен жүктеледі:
- дау айту туралы талап бойынша — ауыртпалық салатын әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге;
- мәжбүрлеу туралы талап бойынша — сұратылған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тартуға негіз болған фактілер бөлігінде жауапкерге, ал өзіне қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды негіздейтін фактілер бөлігінде талап қоюшыға. Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды жоққа шығаратын нақты шарттардың бар екеніне сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу міндеті осы жауапкерге жүктеледі;
- әрекет жасау туралы талап бойынша — сұратылған әрекетті жасаудан (әрекетсіздіктен) бас тартуға негіз болған фактілер бөлігінде жауапкерге, ал өзіне қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшыға;
- тану туралы талап бойынша — қандай да бір құқықтық қатынастың бар-жоғын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшыға, ал заңдық күші жойылған ауыртпалық салатын әкімшілік актінің, сондай-ақ жасалған қандай да бір әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкерге.
Дәлелдеудің ерекшеліктері
Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз тұжырымдарды нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттар беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау және объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді ұсынуға жәрдем көрсетуге міндетті.
Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.
Талап қоюшыны сот процесіне дайындау
Талап қоюшыны дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі — сот ісін талдау және істің ықтимал нәтижесін болжау. Мұндай болжамды (талдауды) адвокаттан (заң консультантынан) сұратуға болады, алайда Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасы адвокаттар мен заң консультанттарына істің 100 пайыздық нәтижесіне уәде беруге тыйым салады.
Істі талдаудың (оның нәтижесіне болжам жасаудың) балама тәсілі — талап қоюшының дербес талдауы. Мұндай талдауға арналған ресурс — https://legalexpert.kz
Талап қоюшының сот процесіне дайындығы мыналарды қамтуы мүмкін:
- талап қою арызын неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу, іс бойынша ұстанымның негізгі тұстарын айқындау;
- талап қою талаптарын нақтылау;
- талап қою талаптарын азайту/ұлғайту;
- қажет болған жағдайда іс материалдарына қоса тіркеу үшін қосымша дәлелдемелер жинау;
- жауапкердің пікіріне қарсылық дайындау;
- талап қоюшы өз бетінше ала алмайтын дәлелдемелерді талап етіп алдыру туралы сотқа өтінішхат дайындау (мысалы, сараптама тағайындау);
- жауапкердің (оның өкілінің) ықтимал сұрақтарын алдын ала ойластыру, оларға шамамен берілетін жауаптарды дайындау;
- сотта жауапкерге қойылатын сұрақтардың тізімін жасау;
- құжаттарды егжей-тегжейлі зерделеу, жауапкердің құжаттарындағы және қарсылықта (пікірде) көрсетілген ақпараттағы сәйкессіздіктерді (айырмашылықтарды) анықтап, сот отырысында сол айырмашылықтарға назар аудару;
- іс бойынша куәларды шақыру қажеттігі туралы мәселені шешу.
Сот талқылауының мерзімдері
Әкімшілік іс ақылға қонымды мерзімдерде, бірақ талап қойылған күннен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі.
Ерекше күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды мерзімге, бірақ 1ш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот шешімін шығару
Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
Шешім әкімшілік іс қаралғаннан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
Ерекше жағдайларда әкімшілік істің күрделілігін ескере отырып, сот шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап 1 айдан кешіктірілмей дайындалады.
Шағым жасау тәртібі
Заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне әкімшілік процеске қатысушылар шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап 2 ай ішінде апелляциялық шағым беру арқылы апелляциялық тәртіппен шағым жасай алады.
- Егер ҚР ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, апелляциялық шағым жасау тәртібі және апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша әкімшілік істі жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларымен айқындалады ҚР АПК-нің 52-тарауы
Кассациялық шағым жасау тәртібі
Заңды күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық сатының сот актісі түпкілікті нысанда табыс етілген күннен бастап 1 ай ішінде кассациялық шағым беру арқылы кассациялық тәртіппен шағым жасай алады.
- Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізудің негіздері мен тәртібі ҚР АПК-нің 54-тарауымен айқындалған ҚР АПК-нің 54-тарауы