Талап қою
Талаптың түріне қарай сотқа талап қоюдың процестік ерекшеліктері көзделген.
- Жауапкердің орналасқан жері бойынша талап қою ҚР АПК-нің 29-бабы
- Талап қоюшының таңдауы бойынша талап қою (соттылық) ҚР АПК-нің 30-бабы
- Айрықша соттылық ҚР АПК-нің 31-бабы
- Шарттық соттылық ҚР АПК-нің 32-бабы
- Өзара байланысты бірнеше істің соттылығы ҚР АПК-нің 33-бабы
Талаптың нысаны мен мазмұны
Талап бірінші сатыдағы сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі.
Арызда мыналар көрсетілуге тиіс:
- талап берілетін соттың атауы;
- талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы және оның мекенжайы. Арызда талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы, егер олар бар болса, көрсетілуге тиіс;
- жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса), ал егер жауапкер заңды тұлға болса, оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) және бизнес-сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Арызда жауапкердің ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы, егер олар талап қоюшыға белгілі болса, көрсетілуге тиіс;
- азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін бұзудың не бұзу қаупінің мәні және талап қоюшының талаптары;
- талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;
- егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталғаны туралы мәліметтер;
- егер мұндай әрекеттер жасалған болса, тараптың (тараптардың) татуласуға бағытталған әрекеттері туралы мәліметтер;
- егер талап бағалауға жатса, талап қою бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі;
- талапқа қоса берілетін құжаттардың тізбесі.
Талапқа қоса берілетін құжаттардың тізбесі
ҚР АПК-нің 149-бабына сәйкес талапқа қоса берілетін құжаттардың тізбесі көзделген.
Талапқа қоса берілетін құжаттардың тізбесі
| Азаматтың қайтыс болу фактісін анықтау туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 3. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі 4. Балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері 5. АХАТ органдарының бас тартуы 6. Арыз берушінің жеке куәлігінің көшірмесі 7. Азаматты қайтыс болды деп тану туралы іс қозғалғаны жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісіндегі, теледидардағы) жарияланымның көшірмесі (ҚР АПК-нің 319-бабының 2-бөлігі) |
| Туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арыз | 1. Осы заңдық фактінің бар екенін растайтын дәлелдемелер (туыстық қатынастар туралы мәліметтер қамтылған құжаттар, актілер, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар) 2. Арыз берушінің немесе арыз берілген тұлғалардың тууы немесе некесі туралы акт жазбаларын қалпына келтіру мүмкін еместігі туралы АХАТ органдарының анықтамасы 3. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 4. Арыздың көшірмесі 5. Арыз берушінің жеке куәлігінің көшірмесі 6. Медициналық сараптама қорытындысы |
| Азаматты әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 3. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі 4. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі 5. Жұбайының жалақысы туралы анықтама 6. Нарколог дәрігердің анықтамасы 7. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы, ҚР АПК-нің 325-бабының 2-бөлігі |
| Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 3. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі 4. Жұбайының жұмыс орнынан анықтама 5. ПИК-тен (МҮК) анықтама 6. Мекенжай анықтамасы 7. Арыз берушінің жеке куәлігінің көшірмесі 8. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы іс қозғалғаны жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісіндегі, теледидардағы) жарияланымның көшірмесі (ҚР АПК-нің 319-бабының 2-бөлігі) |
| Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 3. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі 4. Мүгедектік туралы анықтама 5. Мекенжай анықтамасы 6. Арыз берушінің жеке куәлігінің көшірмесі 7. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы, ҚР АПК-нің 325-бабының 2-бөлігі |
| Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Жеке куәліктің көшірмесі 3. Еңбек кітапшасының көшірмесі (куәлардың еңбек кітапшаларының көшірмелері) 4. МЗТО хатының көшірмесі 5. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 6. Мұрағаттық анықтаманың көшірмесі |
| Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы арыз | 1. Арыздың көшірмесі 2. Жеке куәліктің көшірмесі 3. Сотқа дейінгі талап қоюдың көшірмесі 4. Төлемді растайтын құжаттардың көшірмелері (фискалдық чектер, үзінді көшірмелер, шот-фактуралар, жүкқұжаттар және т.б.) 5. Кепілдік құжаттары (сервистік кепілдік, кепілдік талоны, қызмет көрсету кепілдігі және т.б.) 6. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек |
| Банкроттық туралы арыздар (оның ішінде жеке тұлғаның, ЖК-нің және заңды тұлғаның) | 1. мемлекеттік баждың төленгенін; 2. берешектің болуын, сондай-ақ борышкердің кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға қабілетсіздігін; 3. борышкердің арызы негізделетін өзге де мән-жайларды; 4. борышкердің оны банкрот деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуіне негіз болып табылатын оның мүлкі меншік иесінің, ол уәкілеттік берген органның немесе құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешімін; 5. соңғы үш жылдағы және арыз беру кезіндегі қаржылық есептілікті, көрсетілген кезең үшін борышкердің барлық міндеттемелері бойынша салық есептілігін, тиісті берешектің сомасы мен пайда болған күнін көрсете отырып барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесін (ЖСН немесе БСН, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы) (еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі); 6. банкроттық туралы іске қатысу үшін олардың өкілі жасырын дауыс беру арқылы сайланған еңбекке ақы төлеу жөніндегі кредиторлар жиналысының (конференциясының) хаттамасы; 7. құрылтай құжаттарының көшірмелер; 8. соттар іс жүргізуге қабылдаған борышкерге қойылған талаптар туралы, сондай-ақ даусыз тәртіппен есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәліметтер |
| Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы арыздар | 1. Арыздың көшірмесі 2. Жеке куәліктің көшірмесі 3. Сотқа дейінгі талап қоюдың көшірмесі 4. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 5. Құрылтай құжаттарының көшірмелері 6. Ар-намысқа, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін құжаттардың көшірмесі |
| Алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын азаматты наркологиялық ұйымға мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы арыздар | 1. Арыздың көшірмесі 2. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі 3. Туу туралы куәліктің көшірмесі 4. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның адамды осы ұйымның стационарына жатқызудың және емдеудің негізділігі туралы шешім қабылдаған психиатр-дәрігерлер комиссиясының уәжді қорытындысы |
| Сақтандыру шарты бойынша шартты (мәмілені) жасасуға, өзгертуге, бұзуға және шарттық міндеттемелерді орындауға, оның ішінде сақтандыру төлемдерін өндіріп алуға байланысты арыздар | 1. Арыздың көшірмесі 2. Жеке куәліктің көшірмесі 3. Сотқа дейінгі талап қоюдың көшірмесі 4. Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек 5. Сақтандыру шартының көшірмесі 6. Бағалаушы қорытындысының көшірмесі |
| Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың бұзылуына байланысты, оның ішінде шартты орындау туралы даулар бойынша (мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы) арыздар | 1. Арыздың көшірмесі 2. Жеке куәліктің көшірмесі 3. Сотқа дейінгі талап қоюдың көшірмесі 4. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың көшірмесі 5. Төлем тапсырмаларының көшірмелері 6. Кепілдік міндеттемелерінің көшірмелері 7. СТ, МСТ және т.б. сәйкестік сертификаттарының көшірмелері |
Мемлекеттік бажды төлеу
Сотқа берілетін талаптардан мемлекеттік баж алынады.
- Мемлекеттік баждың мөлшері Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 610-бабында айқындалған Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 610-бабы
- Мемлекеттік бажды «Сот кабинеті» — «Мемлекеттік бажды есептеу калькуляторы» бетінде есептеуге болады «Мемлекеттік бажды есептеу калькуляторы»
- ҚР АПК-нің 106-бабында және Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 616-бабында мемлекеттік баж төлеуден босатудың немесе мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдырудың негіздері көрсетілген ҚР АПК-нің 106-бабы
- Мемлекеттік бажды қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексімен айқындалады Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 103-бабы
Талап қою бағасы
Талап қою бағасын талап қоюшы көрсетеді.
Көрсетілген баға талап етілетін мүліктің нақты құнына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды.
- Талап қою бағасы ҚР АПК-нің 104-бабына сәйкес айқындалады ҚР АПК-нің 104-бабы
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға мыналар жатады:
- куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге жататын сомалар;
- сол жерде қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар;
- заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар;
- жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстар;
- іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығыстар;
- тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғаларды хабардар етуге және сотқа шақыруға байланысты шығыстар;
- тараптар мен үшінші тұлғалардың сотқа келуіне байланысты шеккен жол жүру және тұрғын үй-жайды жалдау шығыстары;
- өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
- сот өтеуге жатады деп таныған өзге де шығыстар, оның ішінде кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде тараптар шеккен шығыстар.
Шығыстарды тараптар арасында бөлу
Жалпы қағида бойынша пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот екінші тараптан іс бойынша шеккен барлық сот шығыстарын өндіріп береді.
Егер талап ішінара қанағаттандырылса, шығыстар талап қоюшыға сот қанағаттандырған талап қою талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде, ал жауапкерге талап қоюшыға талаптарын қанағаттандырудан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде беріледі.
- Шығыстарды тараптар арасында бөлудің өзге шарттары ҚР АПК-нің 109-бабында көзделген ҚР АПК-нің 109-бабы
Талап қою нысаны
Талаптың қағаз нұсқасы сот кеңсесі арқылы беріледі.
Талаптың электронды нысаны «Сот кабинеті» арқылы беріледі https://office.sud.kz/new/
«Сот кабинеті» сервисі арыздарды, өтініштерді, шағымдар мен өтінішхаттарды беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сот органдарына хаттар жіберуге арналған. «Сот кабинеті» сервистерін пайдалану үшін сот ісін жүргізуге қатысушы Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын алып, ҰКО ЭЦҚ-сын пайдалана отырып «Сот кабинетінде» тіркеу рәсімінен өтуі қажет.
Арыз беруші «Сот кабинеті» сервисінде орналастырылған электронды нысандарды толтыру арқылы сотқа электронды құжаттарды ұсынады. Сотқа электронды құжаттарды беру үшін «Сот кабинеті» сервисінде тіркелу қажет. «Сот кабинеті» сервисінде тіркелу электронды цифрлы қолтаңбаның немесе жеке сәйкестендіру нөмірінің / бизнес-сәйкестендіру нөмірінің және парольдің көмегімен жүзеге асырылады.
Арыз беруші жеке тіркелу рәсімінен өткеннен кейін электронды құжатты жіберу үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізудің тиісті бөлімі арқылы сот сатысының мына түрлерінің бірін таңдайды:
1) бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу;
2) апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу;
3) кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу.
Сотқа берілетін электронды құжаттар мәтіндік форматта рәсімделеді (Times New Roman, 14 кегль, жоларалық интервал 1).
Әрбір электронды құжат электронды құжаттарды беру жүйесіне жеке файл түрінде жүктеледі.
Файлдар саны сотқа берілетін құжаттар санына сәйкес келуге тиіс. Арыз беруші файлдарды *doc, *docx, *pdf, *jpeg, *xlsx форматтарында жүктейді. Әр файлдың ең үлкен көлемі 10 мегабайттан аспайды.
Жүктелгеннен кейін құжаттар арыз берушінің электронды цифрлы қолтаңбасымен куәландырылады және автоматты режимде сот органдарының ақпараттық жүйесіне (СО АЖ)беріледі.
Электронды құжаттың жіберілгенін растау ретінде жіберу күні мен уақыты, бірегей нөмірі, сондай-ақ жіберуші мен алушының деректемелері көрсетілетін жіберу талоны қалыптастырылады.
Арыздың, шағымның, өтінішхаттың, пікірдің және басқа да құжаттардың тіркелу мәртебесі мен қаралу барысы «Менің істерім» бөлімінде қаралады.
«Менің істерім» бөлімінде мыналар көрсетіледі:
1) берілген құжаттарды қарау;
2) істің қаралу мәртебесі;
3) сот актілері
4) талап қою арызы туралы ақпарат
5) істің қаралу барысының динамикасы
Қажет болған жағдайда арыз беруші «Қосымша құжаттарды жіберу» функциясын пайдаланып, қажетті құжаттарды қосымша жібереді және (немесе) «Мемлекеттік баждың қосымша төлемін жіберу» функциясы арқылы мемлекеттік бажды қосымша төлейді.
Талапты қабылдаудан бас тарту
Талапты қабылдаудан бас тарту туралы мәселені судья талап келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде шешеді.
Талапты қабылдаудан бас тарту талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талаппен сотқа қайта жүгінуіне кедергі келтіреді.
Талапты қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымға шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Судья талапты қабылдаудан мына жағдайларда бас тартады:
- арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
- сол тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде ҚР АПК-де көзделген негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы болса;
- сол тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде төрелік шешім қабылданған болса және бұл сотқа белгілі болса;
- сол тараптар арасында, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша атқарушылық жазба жасалған болса.
Талапты қайтару
- ҚР АПК-нің 152-бабында көрсетілген негіздер бойынша судья талапты қайтара алады ҚР АПК-нің 152-бабы
- Талапты қайтару, егер жол берілген бұзушылық жойылса, талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талаппен сотқа қайта жүгінуіне кедергі келтірмейді ҚР АПК-нің 152-бабы
- Соттың талапты қайтару туралы ұйғарымына жекеше шағым берілуі, прокурор апелляциялық сатыдағы сотқа өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады ҚР АПК-нің 152-бабы
Соттағы өкілдік
Азаматтар сотта өз істерін жеке өзі немесе өкілдер арқылы жүргізуге құқылы.
Азаматтың іске жеке қатысуы оның осы іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
- Сотта тапсырма бойынша өкілдер ретінде ҚР АПК-нің 58-бабында көрсетілген тұлғалар бола алады ҚР АПК-нің 58-бабы
- Заңды өкілдер ретінде ҚР АПК-нің 62-бабында көрсетілген тұлғалар бола алады ҚР АПК-нің 62-бабы
- Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, кәмелетке толмағандардың және сот тәртібімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын өзге де тұлғалар қорғайды, олар сотқа өз өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады ҚР АПК-нің 62-бабы
- Белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кетті деп танылған азамат қатысуға тиіс іс бойынша оның өкілі ретінде хабар-ошарсыз кеткен азаматтың мүлкіне қамқоршылықты жүзеге асыратын тұлға қатысады ҚР АПК-нің 62-бабы
- Қайтыс болған немесе заңда белгіленген тәртіппен қайтыс болды деп жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиіс іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаған болса, мұрагердің өкілі ретінде мұра мүлкі сенімгерлік басқаруға берілген тұлға қатысады ҚР АПК-нің 62-бабы
- Тегін заң көмегін көрсету ҚР АПК-нің 112-бабында көрсетілген шарттар мен негіздер бойынша жүзеге асырылады ҚР АПК-нің 112-бабы
Заң көмегін алуға қатысты жалпы ұсынымдар
Заң көмегін:
— адвокат;
— заң консультанты көрсете алады.
Адвокаттар мен заң консультанттары туралы ақпарат алуға арналған цифрлы ресурстар:
- Республикалық адвокаттар алқасының сайты: https://advokatura.kz/ru/ — аумақтық адвокаттар алқаларының беттеріне сілтемелер бар https://advokatura.kz/ru/territorial-nye-kollegii-advokatov. Сілтеме арқылы аумақтық адвокаттар алқасы туралы ақпаратты көруге болады, онда: алқа төрағасы, байланыс деректері және алқа адвокаттарының тізімі қамтылған, тізімде адвокаттың Т.А.Ә. туралы ғана мәліметтер көрсетілген (байланыс деректері көрсетілмеген). — сайтта «азаматтарға» деген қойынды (бөлімше) бар, онда мемлекет кепілдік берген заң көмегі, кешенді әлеуметтік көмек туралы қысқаша ақпарат және жадынама орналастырылған. — «Е-Заң көмегі» ресурсына гиперсілтеме бар https://eup.adilet.gov.kz/#/home#mainsection. Бұл цифрлы ресурс азаматтардың заң көмегін алуын жеңілдетеді. Ресурс бетінде мына қойындылар орналастырылған: а) «қызметтер» — онлайн консультация алуға немесе заңгер табуға болады; б) «құжаттар үлгілері» — қажетті құжаттың үлгісін табуға болады; в) «тізілімдер» — заң консультанттары палаталарының тізілімі; заң консультанттарының тізілімі; аумақтық адвокаттар алқаларының тізілімі; адвокаттар тізілімі қамтылған. Республикалық адвокаттар алқасының сайты
- Республикалық заң консультанттары алқасының сайты: https://rcla.kz/ru, онда мына қойындылар бар: — «заң консультантын табу» — аумақтық заң консультанттары палаталарына бағыттайды; — «азаматтарға» — «заң көмегін алу қадамдары» ұсынылады. Республикалық заң консультанттары алқасының сайты
Қарсылық білдіру
- ҚР АПК-нің 38-бабында көрсетілген жағдайларда судьяға қарсылық білдірілуі мүмкін (осы істі бұрын қарауға қатысуы, туыстық қатынастары, мүдделілігі) ҚР АПК-нің 38-бабы
- ҚР АПК-нің 39-бабында көрсетілген жағдайларда прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, консультантқа, сот отырысының хатшысына қарсылық білдірілуі мүмкін ҚР АПК-нің 39-бабы
- Қарсылық білдіру рәсімі ҚР АПК-нің 40-бабында көзделген ҚР АПК-нің 40-бабы
Істі сот талқылауына дайындау
Арыз соттың іс жүргізуіне қабылданып, азаматтық іс қозғалғаннан кейін судья істі уақтылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатында оны сот талқылауына дайындайды.
Егер ҚР АПК-де және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, азаматтық істерді сот талқылауына дайындау талап соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
- Істі сот отырысына дайындаудың міндеттерімен ҚР АПК-нің 163-бабынан танысуға болады ҚР АПК-нің 163-бабы
Талапқа сын-пікір
Жауапкер сотқа талапқа қатысты дәлелдерді теріске шығаратын құжаттарды қоса бере отырып сын-пікір, сондай-ақ сын-пікірдің және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
Судья үш жұмыс күні ішінде сын-пікірдің және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерін талап қоюшыға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға жібереді не табыс етеді.
Сын-пікір талаптың көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Дәлелдеу міндеті
Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғау құралдарын пайдалануға, фактілерді мәлімдеуге және даулауға, дәлелдемелер келтіруге және судья белгілеген, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін әрі іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған мерзімдерде дәлелдемелерге қарсы қарсылықтар білдіруге тиіс.
Сот процесіне дайындық
Талап қоюшыны дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі — сот ісін талдау және істің ықтимал нәтижесін болжау.
Мұндай болжамды (талдауды) адвокаттан (заң консультантынан) сұратуға болады, алайда Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасы адвокаттар мен заң консультанттарына істің жүз пайыздық нәтижесіне уәде беруге тыйым салады.
Істі талдаудың (оның нәтижесіне болжам жасаудың) балама тәсілі — талап қоюшының дербес талдауы. Мұндай талдауға арналған ресурс — https://legalexpert.kz
Талап қоюшының сот процесіне дайындығы мыналарды қамтуы мүмкін:
- талап қою арызын неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу, іс бойынша ұстанымның негізгі тұстарын айқындау;
- талап қою талаптарын нақтылау;
- талап қою талаптарын азайту/ұлғайту;
- қажет болған жағдайда іс материалдарына қоса тіркеу үшін қосымша дәлелдемелер жинау;
- жауапкердің пікіріне қарсылық дайындау;
- талап қоюшы өз бетінше ала алмайтын дәлелдемелерді талап етіп алдыру туралы сотқа өтінішхат дайындау (мысалы, сараптама тағайындау);
- жауапкердің (оның өкілінің) ықтимал сұрақтарын алдын ала ойластыру, оларға шамамен берілетін жауаптарды дайындау;
- сотта жауапкерге қойылатын сұрақтардың тізімін жасау;
- құжаттарды егжей-тегжейлі зерделеу, жауапкердің құжаттарындағы және қарсылықта (пікірде) көрсетілген ақпараттағы сәйкессіздіктерді (айырмашылықтарды) анықтап, сот отырысында сол айырмашылықтарға назар аудару;
- іс бойынша куәларды шақыру қажеттігі туралы мәселені шешу.
Алдын ала сот отырысы
Істі сот талқылауына дайындау нәтижелері бойынша тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалардың істі сот талқылауына дайындау кезінде жасаған билік ету әрекеттерін процестік тұрғыдан бекіту, сондай-ақ сотқа жүгіну мерзімдері мен талап қою мерзімінің өтіп кету фактілерін зерттеу мақсатында алдын ала сот отырысы өткізіледі.
Татуластыру рәсімдері
Сот (судья) тараптарды татуластыру шараларын қабылдайды, процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдеседі, бұл үшін тараптарға татуластыру рәсіміне қатысуға шақыру жібереді.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісін орындау кезінде жасалуы мүмкін.
Талап қоюдан бас тарту
Талап қоюшы бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда жазбаша арыз беру арқылы сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін талап қоюдан бас тартуға құқылы.
Сот талқылауы
Азаматтық істі қарау мерзімі оның нақты күрделілігіне және іске қатысатын тұлғалардың мүдделеріне сәйкес келуге тиіс.
Азаматтық істер сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде сотта қаралады және шешіледі.
- Сот талқылауының мерзімдерімен толығырақ ҚР АПК-нің 183-бабынан танысуға болады ҚР АПК-нің 183-бабы
- Сот отырысында ҚР АПК-нің 187-бабына сәйкес тәртіп сақталуға тиіс ҚР АПК-нің 187-бабы
Сот шешімі
Істі мәні бойынша шешетін бірінші сатыдағы соттың сот актісі шешім нысанында шығарылады.
Егер шешімге шағым берілмесе немесе прокурор апелляциялық өтінішхат келтірмесе, бірінші сатыдағы соттың шешімі апелляциялық шағым беру, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімі өткеннен кейін заңды күшіне енеді.
- Бірінші сатыдағы сот шешімінің заңды күшіне енуінің өзге мерзімдерімен ҚР АПК-нің 240-бабынан танысуға болады ҚР АПК-нің 240-бабы
- ҚР АПК-нің 243-бабына сәйкес дереу орындалуға жататын бірінші сатыдағы сот шешімдерінің түрлері көзделген ҚР АПК-нің 243-бабы
Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату
- Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздері ҚР АПК-нің 277-бабында көзделген ҚР АПК-нің 277-бабы
Талапты қараусыз қалдыру
- Талапты қараусыз қалдырудың негіздері ҚР АПК-нің 279-бабында көзделген ҚР АПК-нің 279-бабы
Апелляциялық шағым жасау
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі.
Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
ҚР АПК-де белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бір ай ішінде, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар шешімнің көшірмесі оларға жіберілген күннен бастап берілуі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы сотта іс, ҚР АПК-де белгіленген жағдайларды қоспағанда, сотқа келіп түскен күннен бастап 2 ай мерзімде қаралады.
- ҚР АПК-нің 52-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін ҚР АПК-нің 52-тарауы
- Апелляциялық шағым беру немесе прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот ҚР АПК-нің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды ҚР АПК-нің 126-бабы
- Апелляциялық шағымның мазмұнына қойылатын талаптар ҚР АПК-нің 404-бабында қамтылған ҚР АПК-нің 404-бабы
Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу
- Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізудің негіздері мен тәртібі ҚР АПК-нің 54-тарауымен айқындалған ҚР АПК-нің 54-тарауы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында сот актілерін қайта қарау
- Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізудің негіздері мен тәртібі ҚР АПК-нің 54-1-тарауымен айқындалған ҚР АПК-нің 54-1-тарауы